Главная

ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҚОҒАМ ТӘРБИЕСІ

Создано: 10.09.2015 04:05
Просмотров: 7591

    Отбасы тәрбиесі –көзделген нәтижеге жету мақсатында ата-аналар мен жанұя мүшелерінің тарапынан  жасалатын ықпал үрдістерінің жалпы атамасы.

    «Отан отбасынан басталады», – десек, сол әрбір кіші отанның ұйытқысы, берекесі болатын – әйел адам. Ананың құрсағына шарана бітсе, ол қашан дүниеге келгенше «іштегі шарана ұл ма әлде қыз ба» деп уайымдайтын болған. Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның дамуы мен мемлекеттің өркендеуі – соңында келіп әйелге, келешек ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты болмақ.Әрбір елдің өміріндегі шешуші кілт – қыздарға берілетін тәлім тәрбие арқылы өлшенеді. Біздің халқымызда «Қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың символы ретінде қолданылады.
Отбасы қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Сондықтан да бүгін жалпы берілетін тәрбиенің ішінен қыз бала тәрбиесіне байланысты тұстарын бөліп алғандығы негізгі мақсатым: адамгершілігі мол, әдепті, инабатты, сыпайы қыздарымызды тәрбиелеп шығару. 

 

    «Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі тәрбиенің негізі болып саналады. Жасыратыны жоқ кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Осыдан барып бала әке – шешесінен суып, оларға деген сыйластықтан алыстай бастайды. Бала кезінен жылылық мейірімді көрмеген адам баласы жүрегін бойлаған суық ызғардың өшін өзгелерден алатын қатыгездікпен өседі.

     Бүгінгі күнде қыздарымыздың көзге оғаш көрінетін киімдерін айтар болсақ, бұрын-соңды болмаған,  құлақ естіп, көз көрмеген. Ата-ана баламыз қатар құрбысынан қалмасын деген оймен заман талабына сай жаңа үлгімен киіндіріп, қалталылар көлік  мінгізеді. Сондада әр нәрсенің өз орны бар емеспе...

     Міне, қоғамымызға өз қолымыздан келеңсіз жағдай тудырып алдық. Қазіргі қазақ қыздарының ішінде жүріс-тұрысы, киім киісі, үлкен-кішіге деген құрметі мүлдем өзгешелері жоқ емес. Қазіргі таңда кейбір қаракөз қыздардың арақ ішіп, шылым шегіп, түнгі клубтардың есігін баққанын көргенде жаның түршігіп, жүрегің ауырады. Осындай жеңіл мінездің салдарынан жүкті болып, жасанды түсік жасатып, келешекте аналық құқығынан айырылып жатады. Осылардың бәрі де өзіміздің қаракөз қыздарымыз, елдің ертеңгі болашақ Аналары  емес пе? Неге ойланбасқа? Олардың ертеңгі болашағы, тағдыры   не болады?  Бұлардан кейін дүниеге келетін өнегелі ұрпақ күтуге болар ма?  Қыз баланы кішкентайынан төрге шығарып отырған қазақ оның болашақтағы  Ел анасы боларына кәміл сенген.

     Халқымызда «Келіннің шашына күн тисе,  кіндігіне у тиеді» деген даналық сөз бар. Ізеттілік, көргенділік нәресте кезінен ана сүтімен бойға сіңеді. «Қызға қырық үйден тыйым» деп қыз баланың  жүріс-тұрысынан бастап  дауыс ырғағына  дейін мән  берудің өзі қыз бала тәрбиесінің маңыздылығын сездірсе керек. Сондықтан да қазақ қыздарымыз тәрбиелі ұлтжандылығымен, өздеріне тән нәзіктігімен және рухани тазалығымен ерекшеленетін еді. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болары хақ.

    Дана халқымыз «Қыз қылығымен сүйкімді» екенін ерте біліп, қызды қашанда «жат жұрттық» уақытша қонақ ретінде жас күнінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берген. Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді. Тарихқа көз жүгіртсек, Айман, Құртқа, Назым сияқты қыздарымыз, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Ұлжан ана данышпан Абайды ғұсыл-дәретсіз емізбегені – адамзаттың баласын тәрбиелегені болып табылады. Халқымызда бала тәрбиесін құрсақтан бастаған асыл аналарымыз болған. Ұлы Абайдың тәрбиешісі болған данагөй әжеміз Зерені қалай ұмытамыз?

   «Қызың өссе, қызы жақысы мен ауылдас бол», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзініңемес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтеретінін айтса керек. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, балалрының анасы. Олардың бойында имани тәрбие болғанын қалаймын. Бүгін ол қыздар өнегелі тәрби еалса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз.

  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әйел-бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» дегені қыз тәрбиесінің маңыздылығын әрдайым еске салып, ұлт тәрбиесінде иманды да ұлағатты, ізетті де инабатты қыз тәрбиелеудің аса маңызды екенін еске салып тұрғандай.

 

                                                                               Нұрсұлу Бексұлтанқызы

Текелі  қаласы білім бөлімінің әдіскері